Назарбаев Университеті әлемдегі ең үздік зерттеу университеттердің 30% қатарына енді
Назарбаев Университеті Times Higher Education (THE) 2024 жылғы халықаралық университеттер рейтингі бойынша халықаралық зерттеу университеттерінің үздік 30 процентінің қатарына енді.
28 қыркүйекте жарияланған THE нәтижелері 100-ге жуық елдегі 1904 университетті бағалайды. NU бұл халықаралық рейтинг кестесіне алғаш рет қатысты. Небәрі 13 жыл ішінде әлемнің жетекші зерттеу университеттерінің үштен бірі қатарына қосылу – маңызды кезең болғанымен, халықаралық стандарттар бойынша көрнекті жетістік.
Назарбаев Университеті 501-600 аралығындағы позицияда орналасып, Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ университеттер арасында үздік көрсеткіштерге ие болды. 2024 жылдың рейтингінде Қазақстанның 4 жоғары оқу орны ұсынылған, бұл тізімде Назарбаев Университеті көш бастап тұр.
Қазіргі даму кезеңінде Назарбаев Университеті THE WUR рейтингіне артықшылық бергеніне бірқатар дәлелді себептер бар. Олар:
- THE рейтингінің жан-жақты және теңдестірілген бағалау әдіснамасы;
- Жыл сайынғы тәуелсіз сыртқы аудитпен дәлелденетін университеттердің тиімділігін бағалаудағы әділдік;
- Университетердің ғылыми қызметін бағалауға ерекше назар аударуы.
Жаңартылған бағалау әдіснамасына сәйкес университеттер 5 бағыттағы 17 көрсеткіш бойынша бағаланады:
- Оқыту (29,5%),
- Зерттеу ортасы (29%),
- Зерттеу сапасы (30,5%),
- Өнеркәсіппен байланыс (4%),
- Халықаралықтандыру (7,5%).
NU «Зерттеу ортасы» және «Зерттеу сапасы» критерийлері бойынша өте жоғары баға алды: бұл санаттарға университеттің ғылыми-зерттеу саласындағы беделін бағалайтын көрсеткіштер, дәйексөздерге сілтемелер мөлшері бойынша дүние жүзіндегі басылымдардың үздік 10% құрамындағы ғылыми жарияланымдар саны және басқа да көрсеткіштер кіреді. NU-дың осы санаттардағы жоғары ұпайлары оның профессорлары мен зерттеушілері жүргізетін жоғары халықаралық зерттеулер деңгейін көрсетеді. NU «Халықаралықтандыру» санатында да жоғары баға алды: 2018-2022 жылдар аралығындағы NU басылымдарының жоғары үлесінде (67%-дан астам) халықаралық бірлескен авторлығы бар. Соңғы бес жылда NU-ң дәйексөздерге сілтеме жасау саны индексі (FWCI) 1,34 болды. Бұл NU басылымдарына дүниежүзілік орташа көрсеткіштен 34%-ға артық сілтеме жасалғанын көрсетеді. Осы көрсеткіш бойынша университет алдыңғы қатарлы Шығыс Азиялық Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореядағы алдыңғы қатарлы университеттерімен бір қатарда.
Назарбаев Университеті Орталық Азия және Кавказ өңіріндегі университеттер арасында жетекші орынға ие болғаны ең алдымен зерттеулер деңгейінің көрсеткіштеріне, ғылыми еңбектер санына және сілтеме көрсеткіштеріне байланысты. Осылайша, THE рейтингіне қатысу үшін, Scopus деректер базасына сәйкес, университет соңғы 5 жылда кемінде 1000 жарияланым және жыл сайын кемінде 150 ғылыми жарияланым жасау керек. Осы күнге NU қатысуымен жарияланған ғылыми мақалалардың саны 7 мыңнан асты – бұл 2011-2022 жылдар аралығында жарияланған қазақстандық жоғары оқу орындарының барлық мақалаларының шамамен 1/6 бөлігін құрайды (42 549).
Сонымен қатар, Q1-дегі (First Quartile) – ғылыми қоғамдастықтағы ең көп сілтеме жасалған және маңыздылығы жоғары журналдар рейтингінде – NU басылымдарының саны соңғы бес жылда 615-тен 2896-ға дейін өсті. Бұл, Scopus деректері бойынша, 2011 жылдан бастап Q1 журналдарында жарияланған қазақстандық университеттердің барлық ғылыми мақалаларының (8110) үштен бірінен астамын құрайды. Әдетте, Q1 журналдары тәуелсіз рецензенттер ғылыми құндылығы бойынша бағалаған ұсынылған жұмыстардың шамамен 10%-ын ғана қабылдайды.
Назарбаев Университеті ғылыми зерттеулерді өзінің академиялық бағдарламасына белсенді түрде біріктіреді, бұл студенттердің ғылыми қызметке қатысу деңгейін айтарлықтай арттырады. Осылайша, NU ғылыми жарияланымдарының шамамен 23%-ында кем дегенде бір студент-автор бар.
Маңыздысы, дүние жүзіндегі елдер технология мен ғылымға негізделген бәсекеге қабілетті заманауи экономиканың негіздері жоғары сапалы зерттеу университеттерінің болуымен тығыз байланысты екенін мойындады. Іргелі және қолданбалы зерттеулер экономикада инновацияларға, жаңалықтарға және жаңа өнімдерге әкеледі. NU да жаңа экономикалық мүмкіндіктерге әкелетін материалдар, биотехнология және медицина, энергетика және деректер ғылымы саласындағы зерттеулерді алға жылжытады. Рейтингке енген университеттердің саны осы себептен жыл сайын артып келеді. 2023 жылы THE рейтингіндегі ЖОО саны 1799 болса, 2024 жылғы рейтингке 1904 университет енді. Әлемде 30 000-ға жуық университет бар, олардың тек 2 000-ға жуығы ғана THE рейтингіне кіру критерийлеріне сай келеді.
Назарбаев Университетінің келесі стратегиялық мақсаты – 2030 жылға қарай THE WUR рейтингі бойынша әлемдегі ең үздік 20% университеттің қатарына кіру.